From Wikipedia, the free encyclopedia
Маңғыстау ауданы — Маңғыстау облысының орталығында орналасқан әкімшілік бөлік. Солтүстігінде Бейнеу, батысында Түпқараған, Мұнайлы аудандары, оңтүстігінде Қарақия ауданы, шығысында Өзбекстанның Қарақалпақстан республикасымен шектеседі.
Қазақстан ауданы | |||
Маңғыстау ауданы | |||
| |||
Әкімшілігі | |||
---|---|---|---|
Облысы | |||
Аудан орталығы | |||
Ауылдық округтер саны |
12 | ||
Ауыл саны |
21 | ||
Әкімі |
Ғалымжан Мұқырұлы Ниязов | ||
Аудан әкімдігінің мекенжайы |
Шетпе ауылы, Орталық шағын ауданы, №44 | ||
Тарихы мен географиясы | |||
Құрылған уақыты | |||
Жер аумағы |
47 018,32 км² (2-ші орын) | ||
Уақыт белдеуі | |||
Тұрғындары | |||
Тұрғыны |
35 334[1] адам (2023)(5-ші орын) | ||
Тығыздығы |
0,8 адам/км² (6-шы орын) | ||
Ұлттық құрамы |
қазақтар (99,30%) орыстар (0,25%), өзбектер (0,21%), басқа этностар (0,24%) 2022 ж.[2] | ||
Сандық идентификаторлары | |||
Пошта индексі |
020400-020426[3] | ||
Автомобиль коды |
12 | ||
1928 жылы құрылған.[4] Аудан орталығы - Шетпе ауылы. Ақтаудан Шетпеге дейінгі ара қашықтық – 159 км, аудан көлемі 47,9 мың шаршы км-ге тең.
Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің 1928 жылдың 3 қыркүйегіндегі «Қазақ Автономиялық АССР-да аудандандыру туралы» №743 қаулысы бойынша құрамында 6 ауданы бар орталығы Ойыл селосы болатын Адай округі құрылды. Осы алты ауданның бірі – орталығы Форт Александровск қаласы болатын Маңғыстау ауданы. Осы кезден бастап бұл күн Маңғыстау ауданының құрылған күні деп аталып келеді (ҚР ОММ, 29.01.2008 жылғы №05-10/19 хаты негізінде).
Жаңа құрылған ауданның алғашқы ұйымдастыру бюросының төрағасы болып Қойсары Сарғожаев сайланды. Кейін 1929 жылы Мақанов жұмыс атқарды. 1931 жылы Беркімбаев, 1930, 1932-1934 жылға дейін аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы С.Жиенбаев, одан кейінгі 1935-1938 жылдары аралығында төраға болып Әлиев, Чапаев, Төралиевтер жұмыс жасады. Ал партиялық басшылық жұмыстарында 1928 жылы Сағындықов, 1929 жылы Тастайбеков, 1930-1932 ж.ж. Баймұханбетов, 1933 жылы Сүйінұлы, 1934-1937 ж.ж. Д.Хангереев, 1937 жылы Өтепбергенов, одан кейін Ғ.Жұмағалиевтер қызметтер атқарды.
Жергілікті халықтың сұрауы және аудан шаруашылықтарының шашыраңқы орналасуы ескеріліп, әкімшілік басқару жүйелерін жетілдіру мақсатымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының 1939 жылдың 16 қазанындағы Жарлығымен бұрынғы Маңғыстау ауданы Гурьев облысына қарасты екі ауданға – Маңғыстау (орталығы Жыңғылды селосы) және Шевченко (орталығы Форт Александровск қаласы) аудандарына бөлінген.
Жаңа құрылған ауданның орталығы табиғаты жайлы, көк желекке бөленген, Қаратаудың ол кездегі сулары кез келген жерінен шығып жатқан Жыңғылды селосы болып белгіленгенімен, онда көзге ілінетіндей мәдени тұрғыдан бірде-бір ғимарат жоқ болатын. Жергілікті тұрғындардың көпшілігі жерден қазылған үйлерде тұрды. Балшықтан салынған мектеп үйі, аздаған ғана тұрғын үйлер, жаңа ғана бой көтере бастаған тағы да басқа құрылыс нысандары бар шағын елді мекен.
Аудан орталығы Жыңғылды селосында болды делінгенімен кейіннен табылған құжаттарда көрсетілгендей, заңды түрде аудан орталығын кезінде 1940 жылдың 4 сәуіріндегі Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық Кеңес атқару комитетінің шешімі бойынша Таушық поселкесінің солтүстігіндегі 4-5 шақырым «Доллопо» жері таңдалған. Сонымен аудан орталығы 1939 жылдың аяғынан 1941 жылдың басына дейін кейбір құжаттар жүзінде Жыңғылды болды. 1941 жылы жаңадан салынған «Социалистік қалашықтағы» (Соцгородок деп аталды) ғимараттарға барлық әкімшіліктер келе бастады да, ресми түрде аудан орталығы Таушық поселкесі болды. 1941 жылдың басында аудан орталығы Таушық поселкесіне толықтай келіп орналасты.
Маңғыстау ауданында елуінші жылдардың ортасында қой саны жедел қарқынмен өсірілді. Нәтижесінде, Гурьев облысына – 40 000, Ақтөбе облысына – 70 000 қой сатылса, Ресейдің Орск қаласына жыл сайын 40-50 мың қой етке тапсырылып отырған. Сол жылдары Маңғыстау ауданы мал басы саны мен оның өнімін өндіруде облыс бойынша бірінші орында болды. Ауданда жылқы шаруашылығын дамыту, оның ішінде «Адай» жылқысын асылдандыру да сол жылдары алғаш қолға алынған болатын.
1957 жылы Маңғыстау ауданының әр түрлі сала бойынша республикалық, облыстық дәрежедегі 16 Ауыспалы Қызыл Туға ие болғаны тарих беттерінде жазулы.
1960 жылдардың басында өлкеміздің жаңадан түлеуіне, мұнай-газ кеніштерінің, басқа да байлықтардың ел игілігіне келуіне байланысты «Мақат – Маңғышлақ» темір жолы тартылды. 1966 жылы Маңғыстау ауданының орталық белдеуі болып табылатын Шетпе поселкесі үстімен тартылған темір жолдың пайдалануға берілуіне байланысты аудан орталығы Шетпе поселкесіне көшірілді. Бұл кезде аудан көлемінде 2 поселке, 12 ұжымдық шаруашылық болатын.
Бүкіл республика экономикасының күре тамырына қан жүгіртіп отырған «қара алтынның» өлкеміздегі байлығының арқасында өнеркәсіптің сан алуан түрлеріне өзінің локомотивтік рөлін барған сайын айқындай түсті. Соның арқасында елді мекендерге таяу кен орындарына жол тораптары салынды. Электр желілері мен су құбырларының тартылуы көптеген көкейкесті мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде «Қызылқұм – Қаламқас» су құбырының пайдалануға берілуімен «Тұщықұдық – Шебір – Қызан» елді мекендерінде ауыз су проблемасы 20-30 жыл бойына шешіліп келді. Осы су құбырының сапасыздығы мен барған сайын судың тартыла бастауына байланысты бұл құбырлар жұмысын тоқтатып, «Волга – Өтес – Қаламқас» құбырын пайдалану мүмкіндігіне қол жетті.
Аудан аумағынан өндірілуі жеңіл құрылыс материалдарының мол екендігі ескеріліп, 1968 жылы Шетпе жерінен қиыршық тас өндіру зауыты ашылып, жұмысқа кірісті. 1977 жылдың күзінде Қызылтұран ұлутас карьері ашылып, жылына 20-25 мың текше метр құрылыс материалын өндіру жоспарланып, бар мүмкіндігінше жұмыс жасады. Аса құнды құрылыс материалдарының бірі – шебіндік тас зауыты болды. Қ.Мұнатовтың бастамашылығымен «Мырзабек Алтын Тас групп» АҚ өз жұмысын 1997 жылы бастады. Бүкіл акционерлік қоғам мен оның бөлімшелерінде жұмысшы, қызметкерлердің 60 пайыздан астамы жергілікті тұрғындарды құраса, мекеме өз кезегінде аудан бюджетінің көтерілуіне септігін тигізді.
Міне, бүгінгі таңда ауданның барлық елді мекендері көгілдір отынмен, электр жарығымен, телефон байланысымен қамтылды. Бірқатар мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша елді мекендерге селоішілік су құбырлары тартылса, «Балапан» бағдарламасы бойынша балабақшалар салынуда. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша аудан орталығынан муниципалды тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілуде.Сонымен қатар, "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы аясында елді мекендерде иншенерлік-инфрақұрылымдарды жаңалау, жүргізу жұмыстары жақсы қолға алынды.
Климаты континенттік және қуаң. Қысы біршама суық. Ауаның орташа температурасы қаңтарда –4°С, маусымда 25°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 150 мм. Сор, сортаң сұр және құмдардан тұратын топырақ жамылғысы таралған. Аудан аумағында 50-ден астам құдық пен бұлақ бар (қ. Маңғыстау құдықтары). Жусан, сораң, бұйырғын, еркекшөп, ебелек, жантақ өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, қарақұйрық, ақбөкен, арқар, күзен, қасқалдақ, дуадақ, жыландар, т.б. кездеседі.
Халық сирек қоныстанған. Әр 1 км² жерге орта есеппен 6,0 адам, ал шығысында 0,6 адам. Ірі елді мекендері: Шетпе, Тұщықұдық, Жыңғылды, Үштаған, Ақшымырау, Жармыш, Сайөтес, Оңды, Шайыр, Қызан.
2019 жылдың 1 қаңтарына ауданның халық саны 39 мың адам.
Этнос | Саны, адам | Пайыздық үлесі, % |
---|---|---|
Қазақтар | 38 872 | 99,28 |
Орыстар | 99 | 0,25 |
Өзбектер | 84 | 0,21 |
басқа этностар | 100 | 0,26 |
Аудан құрамындағы 9 ауылдық округ пен 3 ауыл әкімшілігіне 21 елді мекен біріктірілген:
Әкімшілік бірлік | Орталығы | Елді мекендері | Халқы (2021) |
---|---|---|---|
Ақтөбе ауылдық округі | Үштаған ауылы | 3 | ▲1772 |
Ақшымырау ауылдық әкімдігі | Ақшымырау ауылы | 1 | ▼1117 |
Жармыш ауылдық округі | Жармыш ауылы | 1 | ▲1984 |
Жыңғылды ауылдық әкімдігі | Жыңғылды ауылы | 1 | ▲2820 |
Қызан ауылдық әкімдігі | Қызан ауылы | 1 | ▼1929 |
Оңды ауылдық округі | Оңды ауылы | 3 | ▼1295 |
Отпан ауылдық округі | Тұщыбек ауылы | 2 | ▼352 |
Сайөтес ауылдық округі | Сайөтес ауылы | 2 | ▼2135 |
Тұщықұдық ауылдық округі | Тұщықұдық ауылы | 2 | ▼1971 |
Шайыр ауылдық округі | Шайыр ауылы | 3 | ▼1565 |
Шебір ауылдық округі | Шебір ауылы | 1 | ▲1350 |
Шетпе ауылдық округі | Шетпе ауылы | 1 | ▲16762 |
Денсаулық сақтау саласында аудандық орталық аурухана, орталық емхана, 10 дәрігерлік амбулатория, 8 медициналық пункт, Е.Оразақов атындағы Маңғыстау облыстық туберкулезге қарсы санатория халыққа қызмет көрсетеді. Өткен 2014 жылы Жармыш, Шайыр, Шебір, Тұщықұдық селоларынан салынған жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілсе, 2015 жылы Қызан, Жыңғылды, Ұштаған селоларынан жаңа дәрігерлік амбулаториялар салынып, пайдалануға берілді[8].
Ауданда 18 мемлекеттік, 4 жекеменшік бала бақшада, 4 мектеп жанындағы шағын орталықта 1649 бала мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеумен (80%) қамтылған. Бұдан өзге, Ұштағанда 1 жеке меншік, Жыңғылды селоларында 80 орындық 2 жаңа балабақша жұмыс істейді.
2015-2016 оқу жылын аудан мектептері 7 010 оқушымен бастады.[8]
Аудан экономикасы ауыл шаруашылығымен айналысады. Жер аумағының 79,0% жайылым. Негізінен қой, түйе және сиыр өсіріледі. 1997 жылға дейін 7 қаракөл қойын өсіретін кеңшар болды. Қазір олардың негізінде 118 шаруа қожалығы құрылған.
Аудан арқылы Ақтау — Мақат т. ж., Ақтау — Атырау — Жетібай — Шетпе автомобиль жолдары өтеді.[9]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.